Астанада медициналық мекемелерде жүкті әйелдерді бақылау күшейтіледі
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада барлық жүкті әйелдерге күн сайынғы мониторинг жүргізу бойынша бақылау күшейтіледі. Бұл туралы astana.kz сайтына елордалық Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.
Алдын алуға болатын себептерден ана мен баланың өлімін азайту мәселелері жөніндегі аймақтық штабта бақылауды күшейту туралы нақты тапсырмалар берілді.
«Отырыс қорытындысы бойынша жүкті әйелдер мен қиын жағдайдағы балалардың бәріне күн сайын мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді» делінген Басқарма ақпаратында.
Ведомствоның атап көрсетуінше, медициналық мекемелердің бірінші басшыларына фертильді жастағы әйелдердің денсаулығынан бала көтеруге қайшы көрсеткіштерді анықтау бойынша профилактикалық тексеруді бақылауға алу, ал тар мамандарға оларды соматикалық аурулардан емдеу шараларын жүргізу тапсырылды.