Астанада медициналық жәрдем сапасын жақсарту үшін Call-орталық пен «Денсаулық дүңгіршектері» ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Денсаулық сақтау басқармасы азаматтарға бірінші медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейін арттыру жұмыстарына басымдық береді. Осы мақсатта №10 қалалық емханада халықпен тиімді кері байланыс орнату үшін CALL-орталық құрылады, сондай-ақ, Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының филиалы мен жастар денсаулық орталығы ашылады, деп хабарлады astana.gov.kz сайты.
Бұдан басқа, «Денсаулық дүңгіршектері» жұмыс істейтін болады. Жүргізілетін осындай шаралар белсенді пайдаланылатын шет мемлекеттердің тәжірибесі халықпен профилактикалық жұмыстар жүргізу және салауатты өмір салты мәселелеріне тартудың тиімділіктерін қуаттайды. Дүңгіршектер қаланың ірі сауда орталықтарында орналасатын болады, онда қала тұрғындары дене салмағының индексін, қан қысымын, температурасын өлшетіп, дәрігердің қабылдауына жазыла алады.
Сонымен қатар, №10 жедел медициналық жәрдемнің шағын стансасын ашу, қаланың жаңа бөлігінде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ЖМЖ-нің орталық стансасын салу және машиналар паркін жаңарту үшін санитарлық 7 көлік сатып алу жоспарланған.
Қаланың педиатриялық қызметін жетілдіруге және қызметтер спектрін кеңейтуге ерекше көңіл аударылады. Қазіргі уақытта 2014-2017 жылдары педиатрияны дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Тағы да бір маңызды бағыт - онкологиялық қызметті дамыту болып табылады. Оның аясында Гюстав Русси атындағы онкология институтының мамандары Қазақстанның онкологтарымен бірлесе отырып, жыл бойы емдеудің инновациялық технологияларын енгізетін болады.
Биыл медицина мекемелері қызметкерлерінің ішінде 9 дәрігер Оңтүстік Кореяның клиникаларында оқу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, қалалық емханаларда практикалық машықтарды жетілдіру үшін отандық және шетелдік мамандар бригадаларының бірлескен қызметі бағдарламалары енгізіледі, ал емханаларда құрылған медициналық университеттердің шағын кафедралары дәрігерлердің біліктілігін арттыруға септігін тигізбек.