Астанада мектеп формасы мен оқу құралдары жәрмеңкесі өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада ЭКСПО аумағындағы «Көрме» орталығында жаңа оқу жылына орай оқушыларға арналған жәрмеңке басталды.
«Жәрмеңке үшінші жыл ұйымдастырылып отыр, ата-ана және кәсіпкерлер тарапынан да сұраныс бар. Биыл жәрмеңкеге шамамен 70 астаналық кәсіпкер қатысып жатыр, олар мектеп оқушыларына арналған барлық затты ұсынады. Елорда әкімдігімен бірлесе келе, нарықтағы бағадан төмен сатуға келістік, 10-15%-ға арзан деуге болады», - деді «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Қуандықұлы.
«Kids EXPO. Балалар әлемі» атауымен өтетін жәрмеңке үш күнге (16-18 тамыз) созылады. Келушілер сауда жасаумен қатар, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасын, шахматтан шеберлік сағаттары, шығармашылық студиялардың қойылымдарын тамашалай алады.
«Жәрмеңкеге егіз қызыммен келдім, формаға мектеп тапсырыс береді, біз оқу құралдарын алуға келдік. Баға әртүрлі, ата-ана шамасына қарай таңдайды, біреу 5 мың теңге тұратын рюкзак алса, енді біреу 50 мың теңгеге алады. Қалтасына қарайды, қазіргі балалар өздері таңдап алғысы келеді, ал ата-анаға салса арзанын алады. Мен балаларыма ерік бердім, өздері таңдап, ұнағанын алады», - дейді елорда тұрғыны Назгүл Қасымханова.

Сондай-ақ жәрмеңкені ұйымдастырушылар арнайы акциялар мен жеңілдіктер болатынын айтып отыр.
«Бүгінгі жәрмеңкеде бір балама рюкзак пен оқу құралдарын тегін берді, негізі үш балам мектепке барады. Бір балаға мектепке дайындауға формасы мен оқу құралдарын қоса алғанда шамамен 60 мың теңге жұмсалады, үш балама 150-160 мың теңге қажет. Былтырға қарағанда баға өскен, базарда арзандау, ал сауда орталықтарында баға айырмашылығы бар», - деді астаналық Рахия Нұрлыбаева.
Мектеп жәрмеңкесі таңғы сағат 10:00-нан кешкі сағат 19:00-ге дейін жұмыс істейді.
«Өткен жылға қарағанда баға өскен, бір баланы мектепке толық дайындауға шамамен 100 теңге керек. Бүгін жәрмеңкенің өтетіні туралы әлеуметтік желіден білдім. Енді келдік, қазір көреміз, жалпы баға жыл санап қымбаттап жатыр», - деді оқушы баласымен көрмеге келген Құралай Ілиясова.