Астанада мектеп ғимаратына «мина қойған» Павлодар облысының тумасы ұсталды - ІІД
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанада мектеп ғимаратына «мина қойған» Павлодар облысының тумасы ұсталды, деп хабарлады елорданың ІІД баспасөз қызметі.
Оқиға орнына полиция, ҰҚКД және ТЖД қызметкерлері шұғыл жетті. Кинологтар мен Астана қаласы ІІД «Арлан» арнайы жасағы бөлімдері мектеп ғимаратын қарап шықты. Жарылыс құрылғысы табылмады.
Астана қаласы ІІД-нің экстремизммен күрес басқармасының қызметкерлері шұғыл қолданған шаралар арқылы еш жерде жұмыс жасамайтын, 1993 жылы туылған Павлодар облысының тумасы ұсталды.
Ол бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тергеу барысында ол кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта жас жігіт Астана ІІД уақытша оқшаулау абақтысына жабылды.
Бұл факті бойынша ҚР ҚК 1-бөлімінің 242-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Астана қаласы ішкі істер департаменті 2012 жылдан бастап лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған ақпарат таратқандарға жаза елеулі түрде күшейтілгенін хабарлайды. Егер бұрын ҚК-тің 242-бабымен жаза ретінде 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл төлеу немесе бір-екі жылға түзету жұмыстарына жіберу, немесе алты айға тұтқындау немесе екі жылдан аспайтын уақытқа түрмеге салу қарастырылған болса, енді осындай қылмыс жасағаны үшін сол мөлшерде (яғни 809 мың теңгеге дейін) айыппұл салу немесе 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу, немесе 6 жылға бас бостандығынан айыру көзделген.