Астанада мектеп оқушылары арасында «Шаттан, Жеңісті көктем!» атты әндер байқауы өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында болған байқауға қаланың 30-ға тарта мектептерінен жас жеткіншектер қатысты. «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Жертөледе», «Соғыс туралы әндер попуриі» атты өлеңдер ерекше әсерлі болды.
Қалалық Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендинаның айтуынша, Жеңістің 65 жылдығына орай жасалып жатқан шараның бастамашылары оқушылардың өздері. «Оқушылардан құралған «Жас жігер» балалар қозғалысы Астанада Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған «Көктемнің шуақты күндері» атты акцияны бастаған болатын. Бүгінгі байқау аталмыш акцияның шеңберінде ұйымдастырылған шаралардың бірі.
«Көктемнің шуақты күндері» аясында мектеп қабырғасынан тыс спорттық жарыстар, музыкалық байқаулар және көркемсурет өнерінің туындылары қойылған көрмелер, семинарлар мен сабақтар, әскери ойындар ұйымдастырылады. Жыл бойына балалардың ардагерлерге арнаған концерттері ұдайы өтіп тұрады. Соғыста от кешкен қариялар мен бүгінгі жас ұрпақтың «Естелік шырағы» және «Тарихтың тірі дауыстары» атты кездесулері жоспарланған.