Астанада мектеп оқушыларын ТЖ кезіндегі жүріс-тұрыс қағидаларына оқыту ілкі жобасы іске қосылды (ФОТО)

Жобаны іске қосуға мектептің педагогикалық ұжымымен бірге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Жанбол Жылбаев, БҰҰ «ЮНИСЕФ» балалар қорының Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный қатысты, деп хабарлады Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.
Жобаның басты мақсаты - оқушылар арасында өздерінің жеке қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне саналы және жауапты қатынас қалыптастыру, өмірге қауіп төндіретін жағымсыз жағдайларда өмірді сақтау және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйрету болып табылады.
БҰҰ «ЮНИСЕФ» балалар қорымен бірлесіп мектепте төтенше жағдайлар кезіндегі жүріс-тұрыс қағидаларын оқыту кабинеті дайындалды. Бұл кабинетте нұсқаулықтардың, оқу-әдістемелік құралдардың, сабақтарды өткізуге арналған оқыту және көрнекі құралдарының үздік үлгілері, авариялық-құтқару құрал-саймандардың үлгілері, жеке қорғау, өрт сөндіру және алғашқы медициналық көмек көрсету құралдары жиналған.
Сонымен қатар, кабинетте бұл жобаны іске асыру үшін үгіт-насихаттау, халыққа төтенше жағдайлар кезіндегі жүріс-тұрыс қағидаларын үйрету жұмыстарында пайдаланылатын ең озық халықаралық, оның ішінде ҚР ІІМ ТЖ комитетінің тәжірибесі жиналды. Ішінара бастауыш сынып оқушыларына арналған оқулықтар және ойындар жиналған. Бұл оқу материалдардың мазмұны, сабақтарды өткізу түрлері мен әдістемелері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың түрлері, олардың алдын алу әдістері туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Оқушылар өрт сөндірудің бастапқы құралдарымен пайдалануға, өрт шыққан жағдайда алғашқы іс-қимылдарға, жеке қорғау құралдарымен, қар құрсауы және жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларына, алғашқы медициналық көмек көрсету және де басқа маңызды тақырыптар бойынша білім алатын болады.
Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша теориялық және практикалық сабақтарды мұғалімдермен бірге ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің мамандары да өткізеді деп жоспарлануда. Болашақта бұл тәжірибе еліміздің өңірлеріне таралатын болады