Астанада мектеп оқушыларының арасында математикадан үздіктер анықталды

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Елордада №64 мектеп-лицейде «Математикалық шайқас» қалалық байқауы аяқталды. Бұл туралы astana.kz сайтына «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығынан хабарлады.

Астанада мектеп оқушыларының арасында математикадан үздіктер анықталды

Жарыс 3-4-сынып оқушыларының арасында 3 кезеңмен өткізілді. І кезең - мектептік, ІІ кезең - іріктеу (тест), ІІІ кезең - математикалық шайқас. Іріктеу турына 66 мектептен 195 оқушы қатысты. Қазақ тілінде білім алатын 117 және орыс тілінде білім алатын 78 оқушы математика пәнінен берілген тест тапсырмаларын орындап шықты. Тестілеу нәтижесі бойынша қазақ тілінде оқытатын №62 МЛ, №70 МЛ, №38 МЛ, №56 МЛ, №64 МЛ, №34 ОМ, №54 МЛ, №66 МЛ, «Нұр Орда» ҚТЛ, №17 МГ, №50 МГ және орыс тілінде оқытатын №1 МЛ, №60 МЛ, №32 МГ, ЭЛ, №2 МГ, №3 МГ, №7 МГ, №36 ОМ, №30 МГ, №31 МГ, №28 МГ жоғары балл жинады.

Зияткерлік шайқастың ақтық турында іріктеу кезінде тестілеу нәтижесі бойынша жоғары балл жинаған 22 команда (66 оқушы) күш сынасты. Жарыс командалық конкурс, капитандар конкурсы, экспресс конкурс сияқты 4 кезеңмен өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша, қазақ тілінде оқытатын мектептер арасында №64 МЛ «Аққанат» және №38 МЛ «Жүзден жүйрек» командалары І орын алды. Орыс тілінде оқытатын мектептер арасында №1МЛ «Талисман» командасы көш бастады. Математикалық шайқас - мектеп сыныптары немесе түрлі мектеп командалары арасында математика пәнінен тапсырмаларды орындау бойынша ұйымдастырылатын командалық жарыс. Жарыстың негізгі мақсаты оқушыларды күрделі ерекше тапсырмаларды өз бетінше шешуге үйрету, топпен жұмыс істеу машықтарын қалыптастыру болып табылады.