Астанада мектеп сайттарын құру бастамасының сәтсіз болғанын мойындау керек - И.Тасмағамбетов
АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан Қазақстан педагогтарының Тамыз кеңесі барысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мектеп сайттарын құру жұмысын сынға алып, ол бастаманың сәтсіз болғанын мойындады.
«Оның екі себебі бар», - деді қала әкімі. «Біріншіден, оқушылардың сайтқа деген қызығушылығы жоқ. Екіншіден, ұстаздардың өзі бұл бастамаға немқұрайлы қарауда. Себебі мектеп мұғалімдері әлі де Интернеттен алшақ жүреді. Сіздер компьютерге жақындауға да қорқасыздар», - деп атап өтті ол. Қала әкімінің айтуынша, Батыс елдерінде мектептердің күнделікті жұмысы сайттан басталады. Онда сабақ кестесі, мектептің өмірінің толық күнтізбесі, секциялардың өту уақыты, жиналыстар, спорт жарыстары мен қосымша сабақтар туралы толық ақпарат беріледі. Сондай-ақ оқушылар мен ұстаздардың туған күндері де сайтқа үнемі шығарылып отырады. «Міне, біз осындай тәжірибені енгізетін болсақ, мектеп өмірі мүлдем басқа дәрежеге көтерілетін болады», - дейді И.Тасмағамбетов.