Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада мектеп жәрмеңкелері өтіп жатыр: қажетті заттарды қайдан арзан алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Астананың барлық ауданында 1-31 тамыз аралығында мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Мұнда елорда тұрғындары жаңа оқу жылына қажетті тауарларды қолжетімді бағада сатып ала алады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астанада қолжетімді бағада мектеп заттарына арналған жәрмеңкелер өтіп жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Қазір жәрмеңкелер қаланың әр ауданында өтіп жатыр. Сауда орындарына күн сайын 200-ден 400-ге дейін адам келіп, кеңсе тауарларын, мектепке қажетті керек-жарақтарын және оқу жылының басталуына қажетті басқа да заттарды сатып алып жатыр.

Астанада қолжетімді бағада мектеп заттарына арналған жәрмеңкелер өтіп жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Жәрмеңкелер әр демалыс сайын мына орындарда жұмыс істейді:

• Сарыарқа» ауданы — «Рахмет» СОО, Н. Тілендиев даңғылы, 15;
• Нұра ауданы — «Magnum» супермаркеті, Тұран көшесі, 55Д, сондай-ақ «Era bazary», Қорғалжын тасжолы, 96;
• Алматы ауданы — «Гүлжан» СҮ, Абылай хан даңғылы, 34 және «Астана Молл» СОО, Тәуелсіздік даңғылы, 34;
• Сарайшық ауданы — әр сенбі және жексенбі күндері «Жібек жолы» СОО, А. Байтұрсынов көшесі, 34 және «Damu Mall» СОО, Жұмекен Нәжімеденов көшесі, 26;
• Байқоңыр ауданы — «Аймақ-Тау» СҮ, С. Сейфуллин көшесі, 45/1.

канцелярия, сөмке, дәптер
Фото: Астана әкімдігі

— Мектеп жәрмеңкелерімен қатар елордада әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған «Мейірімді алақан» қайырымдылық акциясы да өтіп жатыр. Ірі сауда орталықтарында арнайы жәшіктер қойылып, қала тұрғындары оған мектепке арналған керек-жарақтары мен оқу жылына қажетті басқа да заттарды тапсыра алады, — дейді ұйымдастырушылар.

Көмек жинауға арналған жәшіктер мына мекенжайларда орналасқан:

• Нұра ауданы — «Сарыарқа» СОО, Тұран даңғылы, 24;
• Байқоңыр ауданы — «Аймақ-Тау» СҮ, С. Сейфуллин көшесі, 45/1;
• Сарайшық ауданы — «Damu Mall» СОО, Жұмекен Нәжімеденов көшесі, 26;
• Алматы ауданы — «Аружан» СОО, І. Жансүгіров көшесі, 8/1.

рюкзак, сөмке, канцелярия
Фото: Астана әкімдігі

Мектеп жәрмеңкелерінің ұйымдастырылуы елорда тұрғындарына жаңа оқу жылына қажетті тауарларды қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік берсе, «Мейірімді алақан» акциясы көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға әркімнің өз үлесін қосуына жол ашады.

Бұған дейін Астанада «Мектепке жол» акциясы аясында 70 оқушыға көмек көрсетілгенін жаздық.