Астанада мектеп жәрмеңкесі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында Астанада мектеп тауарлары мен оқу құралдары жәрмеңкесі өтеді. Биыл тұрғындарға ыңғайлы болу үшін шараны 16-23 тамызда демалыс күндері өткізу жоспарланған. Жәрмеңке әдеттегідей әкімдік алдындағы қалалық алаңда ұйымдастырылады. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласы Білім басқармасы мәлімдеді.

Астанада мектеп жәрмеңкесі өтеді

Жәрмеңкеден Астана тұрғындары мен қонақтары қажетті тауарларын қолжетімді бағада сатып ала алады. Келушілердің назарына қаламнан бастап есептегіш калькулятор мен түрлі қалыптағы дәптерге дейінгі алуан түрлі оқу-құралдары қойылады. Сонымен қатар, Астана және Қазақстанның өзге де аймақтарының кәсіпкерлері мектеп жасындағы және мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған киімдер, аяқ киім, портфель мен сөмкелерді ұсынады. Мектеп жәрмеңкесі өтетін күндері келушілерге концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қоғамдық тамақтану нүктелері ашылады.

Естеріңізге сала кетейік, мектеп жәрмеңкесі «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Астанада жыл сайын өткізіледі.