Астанада мектепке алғаш барған балаларға көлік карталары беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы мектептерінде күзінде мектеп көлік картасын беру жұмыстары іске асырылады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Астана-LRT» ЖШС-ның жолаушылар көлігі бойынша маманы Әбдіхамит Тамабаев мәлім етті.
«Оқушылардың тізімін оңтайландыру үшін электронды портал енгізіліп жатыр. Бұл порталда жұмыс істеу үшін әр мектеп директорының бұйрығымен жеке адам тағайындалған. Осы ретте әр мектеп порталда тек өзінің оқушыларын көре алады. Биылғы жылдың көктемінде жүргізілген дайындық жұмыстары аясында Астанада 78 000 оқушы көлік картасын алды, оны ASTRA PLAT жүйесінің екінші және кезекті кезеңдері іске қосылғанда пайдалана алады», - деді Ә. Тамабаев.
Оның айтуынша, сонымен қатар жаңа оқу жылының басталуына байланысты Астанада 12 000 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған. Осы ретте бұл балаларға көлік карталарын беру жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, елордалық орта білім беретін мекемелерде өткен оқу жылының соңында кейбір оқушылар көлік карталарын алып үлгермеген.
«Әрбір мектеп порталдағы тізімге оқушыларды енгізгеннен кейін, біз электронды карталарды даярлаймыз»,-деп нақтылады ол.
Естеріңізге сала кетейік, оқушы балаларға арналған тариф енгізіліп, бонус ретінде бір автобустан екіншісіне тегін ауысып отыру мүмкіндігі ескерілген.
ASTRA PLAT жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізудің барлық кезеңі іске қосылғанша, оқушылар қаланың қоғамдық көліктерінде жол ақысын қолма-қол төлеулеріне (толық билеттің 50%) немесе қағаз жол жүру билетін көрсетулеріне болады.