Астанада мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлаған 6 сынып оқушысы болып шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасының барысында қала мектебінің бірінде жарылғыш заты қойылды деп қоңырау шалғанның кім екенін анықтады, деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Астанада мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлаған 6 сынып оқушысы болып шықты

Қоңырау шалған адамның 6 сынып оқушысы екені анықталды. Мәселені анықтау кезінде ата-аналарының алдында кәмелетке толмаған бала өз әрекетін жасырмады.

Аталмыш факті сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне 273 бап (терроризм актісі туралы жалған ақпарат тарату) бойынша енгізілді. Оған қоса ҚР ҚК 144 (кәмелетке толмаған тәрбиелеуде міндеттерді орындамау) бабына сәйкес ата-аналарына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ювеналдық полиция инспекторлары аталмыш фактілерге жол бермеу және соның салдарынан қандай жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізді.

Еске салайық, кеше сағат 15.00-де Астана қаласы ІІД Жедел басқару орталығына белгісіз адамнан № 27 мектеп ғимаратына жарылғыш заттың қойылғандығы жөнінде хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына Астана қаласы ІІД жедел тергеу тобы келіп жетті. Кинологиялық орталықтың қызметкерлері мен «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісінің техникалық мамандары мектеп ғимараты мен маңын тексерді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері 900 адамды - оқушылар, мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерін эвакуациялау бойынша жұмыстар жүргізді. Ғимаратты тексеру кезінде жарылғыш зат қойылған деген хабарлама жоққа шығарылды.