Астанада мектептегі көшбасшылықтың мәселелері талқыланып жатыр

   АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Мектептегі көшбасшылық және басқару 2012» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.
None
None

Бұл алқалы жиынды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырып отыр.

«Бүгінде мектептерде көшбасшылықсыз жұмыс істеу қиын. Қазіргі кезде мектептегі көшбасшылық теория ғана емес, ол ұғым бүгінде іс жүзінде бар»,-деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.

«Бүгінде бізде 7 мектеп бар. Атап айтқанда әр директорды тағайындаған кезде, қателікке бой алдырмауды ойладық. Яғни, тағайындаған мектеп директорларына қатысты қателеспегенімізді мақтан етіп айта аламын. Себебі олар өз жұмыстарына лайықты адамдар»,-деді төрайым.

Оның пайымдауынша, мектеп ұжымында басшылықтағы адамдар жанында басқа да көшбасшыларды көруді үйрену керек және оларды түсіну қажет. «Осы орайда біздің мақсат - көшбасшылықты мектептің ортақ миссиясын, міндетін атқаруға бағыттауға негізделуі тиіс»,-деді К. Шәмшидинова.

Конференция барысында «Көшбасшылық әлеуеттің дамуы: мұғалімнің көшбасшылық рөлі», «Тәжірибедегі үйлестірілген көшбасшылық», «Көшбасшылықтағы инновациялар» тақырыптарында баяндамалар жасалды. Айта кетейік, екі күннің ішінде білім саласындағы шетелдік мамандармен бірге бірқатар секциялық отырыстарда осы тақырып пен оқытудың басқа да мәселелері аясында талқылаулар өткізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар