Астанада мемлекет қайраткері Фазыл Кәрібжановты еске алуға арналған кеш өтеді

Фазыл Кәрібжанов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауылшаруашылық бөлімі меңгерушісі, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болып қызмет етті. Өз еңбек жолын қатардағы агроном қызметінен бастап, көрнекті мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілді.
Еске алу кешіне Фазыл Кәрібжановтың туған-туыстары, зиялы қауым, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысады.
Ф. Кәрібжанов небәрі 48 жыл өмір сүрді. Осы қысқа ғұмырында оның еліміздің экономикалық дамуына қосқан үлесі зор. Ол соғыс жылдарындағы үздік қызметі үшін екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Оның талмас еңбегінің нәтижесінде сол уақытта еліміздің егіс алқабының көлемі 30 млн. гектарға жетіп, Қазақстан мемлекетке 1 млрд. 340 млн. пұт астық өткізді. Бұл соңғы 11 жылдық көрсеткіштен асып түсті. Осы жетістіктері үшін Ф. Кәрібжанов Ленин орденімен марапатталды.
Кешті ұйымдастырушы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті. Концертте ҚР халық әртісі Қайрат Байбосынов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Гүлмира Сарина, Гүлзира Бөкейхан, Жанат Шыбықбаев, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі және «Наз» мемлекеттік би театры өнер көрсетеді.