Астанада мемлекеттік қызметкерлер Ел бірлігі доктринасын талдауда

АСТАНА. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Елордадағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметкерлер Қазақстанның Ел бірлігі доктринасын талқылауда,

Астанада мемлекеттік қызметкерлер Ел бірлігі доктринасын талдауда

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз пікіралмасу формасында өтетін семинар ұйымдастырып отырмыз. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, кейбір тыңдаушылар сөз сөйлейді. Біздің мемлекетіміздің ішкі саясаты әлеуметтік тұрақтылыққа бағытталғандығын білесіздер. Қазақстан аумағында 130-дан астам этнос және 40-тан астам конфессия бар. Осыған қарамастан, біз әлеуметтік тұрақтылықты құра білдік. Бұл Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының арқасында жүзеге асты»,  деп атап өтті Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректоры Бақытжамал Қабыкенова.

Қарашаның 26-на дейін созылатын, яғни 4 күн өтетін шараның мақсаты - Қазақстан елін шоғырландыруда мемлекеттік қызметкерлердің қызметін жетілдіру, әлемдік дағдарыс жағдайында этносаралық және конфессияаралық келісімдердің қазақстандық моделін одан әрі жетілдіру тәжірибесі мен жолдарын түйістіру.

«Бүгінгі семинарға қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен мемлекеттік қызметкерлер жиналып отыр. Бұлар негізінен ішкі саясатпен айналысатын мемлекеттік қызметкерлер. Тізім бойынша семинарға 47 адам қатысуда. Бұдан басқа қатысуға ниет білдірген жандар да бар. Жалпы алғанда 60-қа жуық адам атсалысуда»,  деді Б.Қабыкенова.