Астанада мемлекеттік қызметшілер арасында Президент тестілеулері басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада қысқы спорт түрлері бойынша ҚР Тұңғыш Президентінің тестілеулері басталды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада мемлекеттік қызметшілер арасында Президент тестілеулері басталды

Атап айтқанда, еліміздің орталық мемлекеттік органдарының төрт жүзге жуық мемлекеттік қызметшілері шаңғымен нормативтер тапсыру сынақтарына қатысып жатыр.

«ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы тестілеулері балалар, жастар мен ересек адамдардың физикалық дайындығына қойылатын нормативті талаптардың жиынтығы болып табылады. Тест бағдарламасына халықтың жан-жақты физикалық дайындығын сынайтын күш қолданылатын гимнастика, жеңіл атлетика, оқпен ату, жүзу және шаңғымен жүгіру секілді спорт түрлері енгізілген. Тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес, қысқы спорт түрлері бойынша сынақтар ақпан-наурыз айларында өткізілсе, жазғы спорт түрлері бойынша сәуір мен қазан айлары арасында ұйымдастырылады»,-деп атап өтілген ведомство мәліметінде.

ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Президент тесттері ел тұрғындарының физикалық дайындығына мониторинг жүргізіп қана қоймай, спортқа мемлекет азаматтарын тарту арқылы саламатты өмір салтын насихаттайтын ірі шара болып табылатындығын тілге тиек етті.

Жалпы қысқы сынақтарды тапсыруға Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органдарының төрт жүзге жуық мемлекеттік қызметкерлері қатысуда. Барлық қатысушылар жас ерекшеліктеріне орай ерлер мен әйелдер арасында төрт топқа 24-39, 40-49, 50-59 және 60 пен одан жоғары жастағы адамдарға бөлінген.