Астанада Мемлекеттiк қызметшiлерi ар-намыс кодексiнің талаптарын бұзғандардың ісі қаралды - Тәртіптік кеңес
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласындағы Тәртіптік кеңес төрағасы Т.Т.Қаскиннің төрағалығымен Тәртіптік кеңес отырысы өтті.
Бұл туралы аталған агенттік мәліметінде хабарланды.
Тәртіптік кеңес жұмысы барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және ҚР Мемлекеттiк қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексiнің талаптарын бұзғаны үшін «Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Есіл экология департаменті», «Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық жер инспекциясы», «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы минстрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі Мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемелерінің лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік істері қаралды.
Сонымен қатар, «Астана қалалық сотының кеңсесі» және «ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемелері басшыларының Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдарының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілері Ар-намыс кодексінің сақталуы бойынша жоспарлы тексерісте анықталған бұзушылықтарды жою және жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалар туралы есептері тыңдалды.
Кеңес қорытындысында тәртіптік істерді қарау нәтижесі бойынша, Тәртіптік кеңеспен лауазымды тұлғаларды тиісті тәртіптік жазаға тарту және мән-жайы бойынша шешiм қабылдау үшiн тәртiптік iс материалдарын лауазымды қызметкердің қарауына жiберу туралы ұсыныстар берілді.