Астанада мемлекеттік рәміздер күніне орай «Көк тудың желбірегені» атты акция өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 мамырда Астаналық саябақта Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері күніне орай «Көк тудың желбірегені» атты танымдық іс-шара өткізіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына сілтеме жасап.

Астанада мемлекеттік рәміздер күніне орай «Көк тудың желбірегені» атты акция өтеді

Шараның мақсаты - тұрғындардың Ту, Елтаңба, Гимн туралы түсініктерін нығайту. Рәміздердің пайда болуы және тарихтағы маңызы жайлы түсініктерді дамыту. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін жан-жақты түсіндіру арқылы адамдардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілікке баулу, ұлттық нышандарына зор құрмет, шынайы сезім, ұлттық рух тұрғысында қарауға дағдыландыру.

Көрермендердің назарына концерттік бағдарлама ұсынылады, онда қазақ эстрадасының белгілі әншілері Еділ Құсайынов, Ибрагим Ескендір, Дос, Құрмаш Махан өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, көрермендермен сұрақ-жауап ретінде викторина ойнатылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар табысталады.