13:53, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Астанада мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану мәселелері талқыланды
АСТАНА. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Бүгін елорданың Есіл аудандық әкімдігінде кеңес өтті. Аудан әкімі Қайрат Жаңабергеновтың қатысуымен өткен ол кеңесте Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау және қолдану мәселелері талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өткен жылы Бас прокуратураның бастамашылығымен біз елорданың барлық нысандарына тексеру ұйымдастырған едік. Сонда біз көп жайтты байқадық. Мысалы, Әділет министрлігінің ескі ғимаратында екі елтаңба, «Қазақстан темір жолы» компаниясының ғимаратында ? екі жалау ілініп тұрды және олардың әрқайсысы әртүрлі болып шықты. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ғимаратындағы түсі оңып кеткен және жыртылып қалған жалауды да көрдік. Сол тексерулердің қорытындысы бойынша мен аталған проблемаларды талқылау және оларды жою үшін қала ауқымында кездесулер ұйымдастыру туралы өтінішпен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовқа қызмет бабындағы хат жазуға мәжбүр болдым»,- деді бүгінгі кеңесте сөз сөйлеген Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті директорының орынбасары Серік Төрегелдин. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану мәселелерін талқылауға арналған бүгінгі кездесуге орталық және қалалық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері шақырылды.