Астанада мемлекеттік сатып алуларда «жауапсыз» кәсіпорындар жиі жеңіске жетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мемлекеттік сатып алуларда «жауапсыз» кәсіпорындар жиі жеңіске жетеді. Бұл туралы бүгін Астана әкімі Ә.Жақсыбековтің төрағалығымен өткен елорда экономикасын жақсарту мәселелеріне арналған жиында қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әбілқайыр Сқақов мәлім етті.
«2014 жылдың қорытындысы бойынша 728,9 млрд. теңге көлеміндегі мемлекеттік сатып алулардың жеңімпаздарынан бюджетке 113,5 млрд. теңге кіріс түсті. Яғни, салықтық қайтарым 4,7 пайызды құрады»,- деді Ә.Сқақов.
Сонымен қатар оның айтуынша, өткен жылы бюджет қаржысының ең үлкен сомасын, яғни 593,2 млрд. теңгесін 126 салық төлеуші алған. Аталған топ мемлекеттік сатып алулар бойынша қаржы алған жалпы салық төлеушілер санының 5,5 пайызын құрайды. Бірақ олардан алынған қаржы көлемі жалпы қаржыландырудың 81,4 пайызынан асып түсті. Бұған қоса, 169,1 млрд. теңгенің мемлекеттік сатып алуаларына ие болған 152 жеңімпаздың салықтық жүктемесінің коэффициенті 1 пайыздан да төмен.
«Шын мәнде олардан салық төлемдері мүлдем жоқ. Мемлекеттік сатып алулардың жеңімпаздары жұмыстар мен қызметтердің орындалуына мемлекет сенімімен несие алады десек те болады. Мұндай шексіз мүмкіндікке ие болғандар ісіне барынша адал әрі салықтық төлемдерде абыройлы болуы тиіс қой. Өкінішке орай, жағдай бұдан әлдеқайда алшақ», - деді департамент басшысы.