Астанада «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» байқауы өтуде
АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада мемлекеттік орган қызметкерлері арасында мемлекеттік тіл біліктілігінен байқауы өтуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» деп аталатын байқаудың басты мақсаты - сөйлеу, тіл мәдениеті машықтарын меңгерген, коммуникативтік біліктілігі артқан, логикалық ойлауы өз деңгейіне сәйкес дамыған, мәдениетті сөйлеуге бейімделген мемлекеттік орган қызметкерлерін анықтау және марапаттау. Сол арқылы қазақ тілінің мәртебесін арттыру, мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту.
Жалпы байқауға 15 топ қатысты. Олардың ішінен ақтық сынға ең үздік деген 7 ұжым іріктелініп алынды. Шара 4 кезеңнен тұрады: «Таныстыру», «Қазіргі кезде қоғамдағы қазақ тілінің мәселесі», «Терминдер әлемі», «Қазақ сөзі». Қатысушы топтардың әрқайсы 5 адамнан құралған.
Жарыс соңында жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етіледі.