16:10, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Астанада мемлекеттік тілде іс жүргізу мәселесіне қатысты дөңгелек үстел өтеді
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2009 жылғы маусымның 10-да Астанада «Мемлекеттік тілде іс жүргізу жөніндегі жұмыстың жай-күйі: проблемалық мәселелер, шешу жолдары» атты республикалық деңгейде дөңгелек үстел өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мәдениет және ақпарат министрлігінінің Тіл комитеті ұйымдастыратын бұл шара барысында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның орындалу барысы, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілде іс жүргізу жөніндегі жұмыстың жағдайы талқыланатын болады. Сондай-ақ, тілдерді дамыту саласындағы бірқатар көкейкесті мәселелер бойынша баяндамалар тыңдалып, мемлекеттік тілде іс жүргізу жөніндегі ағымдағы проблемалар мен міндеттер, басқа да мәселелер қаралады. Дөңгелек үстелге орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың басшылары, жұртшылық өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мамандар, лингвист ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.