Астанада Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының үміткерлер тізімінен 700-ден астам адам алынып тасталды - И. Тасмағамбетов
Оның айтуынша, биыл мемлекеттік бағдарламаның екінші бөлігі бойынша Астанада 2 344 пәтер пайдалануға беріледі. Оған 27 мың үміткерден өтініш түскен.
«Қазіргі уақытта ол өтініштер әділет органдарына жолданып, республика аумағында және Астанада үміткерлердің жеке меншігінде жылжымайтын мүліктің бар-жоғы тексерілуде»,-дейді И. Тасмағамбетов.
Қала әкімінің айтуынша, барлық 27 мың өтініш әділет органдарынан тексерістен өтпей, пәтерлердің иегерлерін анықтау жұмысы басталмайды. Себебі олар балдық жүйе бойынша есептеледі.
«Қазіргі уақытта 6 мыңнан астам үміткердің құжаттары тексерілді, олардың 737-де үйлері бар болып шықты. Әрине, ондай азаматтар тұрғын үй алаңына үміттене алмайды»,-деді әкім.
Әзірше 6 мың үміткердің құжаттары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар аяқталғаннан кейін, пәтер иегерлерінің тізімдері интернетте жарияланады.