Астанада метрологиялық ұйымдар мен Халықаралық өлшемдер бюросы 34-ші отырысын бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Өңірлік метрологиялық ұйымдардың және Халықаралық өлшемдер мен таразылар бюросының 34-ші отырысы өз жұмысын бастады.

Астанада метрологиялық ұйымдар мен Халықаралық өлшемдер бюросы  34-ші отырысын  бастады

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара - ғаламдық өлшем жүйесін құрайтын және дамытатын әлемдік метрологиялық қоғамдастық өміріндегі маңызды оқиға. Осындай ауқымдағы жиын Орталық Азия өңірінде алғаш рет өткізілуде. 34-ші отырысқа 6 өңірлік метрология ұйымдарының өкілі болып табылатын әлемнің 20-ға жуық елдерінің ұлттық метрологиялық институттарының басшылары қатысуда.

Жиын барысында Халықаралық өлшемдер мен таразылар бюросына мүше елдердің өлшеуіш мүмкіндіктерін мойындауды қамтамасыз етудің бірыңғай тетіктерін белгілеу, сондай-ақ Ұлттық метрология институттары беретін мемлекеттік эталондарын және калибрлеу мен өлшемдер сертификаттарын өзара тану туралы келісімін қайта қарау мәселелері қаралуда.

Атап айтқанда, бүгінгі шара еліміздің саладағы қызметі жұмыстарын халықаралық талаптармен үйлестіру, әлемдік үздік тәжірибені енгізу, сондай-ақ шетелден келген білікті мамандармен тәжірибе алмасуға тиімді мүмкіндіктер бермек.