Астанада мүгедек балаларға арналған спорттық-тынығу бөлмесі ашылды
АСТАНА. Қазанның 10-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін «Балаларға денсаулық сыйла!» қайырымдылық акциясы аясында Астанадағы Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде спорттық-тынығу бөлмесінің ашылу салтанаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы бөлмеге Ресейдің «Сатр» компаниясынан сатып алынған арнайы спорттық құрал-жабдықтар қойылған. Енді бұл жерде мүмкіндігі шектеулі 175 бала жаттығатын болды. Жобаның жалпы құны - 3,5 млн. теңге.
Іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы - «Алға - 30» жастар тобы және Көшбасшылардың халықаралық орталығы.
Айта кетейік, «Балаларға денсаулық сыйла!» қайырымдылық акциясы бұған дейін Алматы және Қызылорда қалаларында өтті.