Астанада мүгедек балаларға қаржылай көмек көрсетуге арналған «Kowabunga party» қайырымдылық кеші өтті
АСТАНА. 12 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Кеше кешқұрым Астанада мүмкіндіктері шектеулі балаларға қаржылай көмек көрсетуге арналған «Kowabunga party» қайырымдылық кеші өтті.
Гавайлық тақырыптағы кеш «Риксос» қонақ үйінің ашық аспан астындағы жазғы мейрамханасында өтті. Қонақтар алдын ала сатып алынған шақыру билеттері арқылы кіргізілді.
Қайырымдылық акцияны қазақстанның бірқатар жұлдыздары және би ұжымдары қолдады. Өз кезегінде жастайынан мүгедек, бірақ талапты да талантты жастар - Ербол Ескенов, Маша Макарова, Дана Жаксина және тағы басқалар келушілерге өз өнерлерін паш етті.
Ән мен биге толы кеш барысында сондай-ақ ұтыс ойындары ойнатылды, байқаулар өткізіліп, Маржан Әбілмажинованың суреті аукцион арқылы сатылды. Қонақтар естелікке көрме-жәрмеңкеге қойылған мүмкіндіктері шектеулі балалардың қолымен жасалған бұйымдарды сатып ала алды.
«Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» ҚБ-ның директоры Қамқа Жасанованың айтуынша, Қазақстандағы BG Energy компаниясының осы сынды қайырымдылық шараларының арқасында соңғы екі жылда 4 млн.-ға жуық теңге қаражат жиналды. Алдыңғы жылы джинсы кеші болса, былтыр «Шаһеризада» шығыс кеші түрінде өтті. Ал биыл қайырымды азаматтар Гавай үлгісіндегі іс-шараға қатысып, сол арқылы зәру жандарға қаражат жинап берді. Қоғамдық бірлестік түскен қаражатқа балаларға шағын автобус алып беріп, санаторийлерге сауығуға аттандырды. «Биылғы жылы түскен сома да осында игі істерге жұмсалатын болады», - дейді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстандағы BG Energy компаниясының қайырымдылық шаралары арқылы соңғы бес жылда Ұлттық паралимпиадалық комитеті мен Астана қаласының Мүгедек балалар қоры үшін 400 мыңнан астам АҚШ доллары жиналды.