Астанада мүгедек баланы ұрып-соққан тәрбиешіні қандай жаза күтіп тұр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Сати» инклюзивті балабақшасында қызметкерлер мен басшылық тарапынан сәбиге дөрекі қылық көрсету фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінен хабарлағандай, сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша басталды.

Осы бапқа сәйкес, кінәлі 160 АЕК (508,8 мың теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмысына тартуға, не 160 сағат қоғамдық жұмыс істеуге, не 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

«Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, оның нәтижелері бойынша балабақша тәрбиешілерінің, сондай-ақ басшысының әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Сотқа дейінгі тергеу нәтижелері туралы қылмыстық процеске қатысушыларды тергеу жүргізетін орган хабардар етеді», - делінген ҚазАқпарат сауалына берілген жауапта.

Еске салсақ, биыл сәуірде желіде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаға жасалған өрескел әрекет түсірілген видео тараған еді. Кейін тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарланды.


Соңғы жаңалықтар
telegram