Астанада мүгедектер арасында үздік биші мен үздік орындаушы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Жастар» сарайында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен «Бәріміз бірдейміз, кемсітушілікті білмейміз» атты байқау өз мәресіне жетті.
None
None

Қалалық әкімдік пен «Дос» тәуелсіз өмір» және «Мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жауапты қызметкерлерінен құрылған төралқа жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдерін атап, оларға дипломдар берумен қатар бағалы сыйлықтар да тарту етті.

Мәселен, 39 жастағы Саят Құрғамбеков қалалық қарттар мен мүгедектер интернатында аяқ киім шебері болып жұмыс істейді. Жұбайы Элитамен екі баланы тәрбиелеп отырған ол қолы бос кезінде балық аулап, әуен тыңдауды және балаларымен қыдыруды жаны сүйеді. Бұл байқауда алғаш рет бақ сынап отырған Саят «Бірлігі жарасқан отбасы» аталымында тұрмыстық техникаға ие болды.

«Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, барлығы да отбасынан басталады. Біз, мүгедектер мүмкіншілігі шектеулі емес, шектеусіз адамдармыз. Сондықтан да тағдыр бізге қаталдық танытса да, оған мойымай алға ұмтылуымыз қажет», - деді С.Құрғамбаев.

Балалар үйінде өскен С.Құрғамбаев бүгінде екі баласына барынша қамқор болып, олардың білім алуына, Қазақстанның отаншыл әрі нағыз ұлтжанды азаматы болып өсуіне бар күш жігерін жұмсауды алдына мақсат тұтып отыр.

Сонымен, «Үздік шебер», «Бірлігі жарасқан отбасы», «Үздік биші», «Үздік орындаушы» аталымдарындағы жүлдері орындар үшін 53 адам бақ сынады.

Сайыс қорытындысында «Бірлігі жарасқан отбасы» аталымында Мамыр Темірлан отбасы бірінші орынды иеленді. Ал екінші орынды Құрғамбековтер иеленсе, жүлделі үшінші орынды Р.Низамутдинов пен Б. Әміржанованың отбасы бөлісті.

6 мен 14 жас аралығындағы топта «Үздік би» аталымында «Шығыс» тобы жеңіске жетті. Ал қалған жүлделі орындар сәйкесінше, «Бөбек» мен «Тұлпар» би топтарына бұйырды.

Ал, 14 пен 29 жас аралығында «Самғау» тобының өнері төрешілер тарабының қолдауына пе болды. Екінші орын «Наз», ал үшінші орын «Гүлдер» би тобы мен Қарлығаш Тынабековаға берілді.

14 пен 29 жас аралығындағы «Үздік орындаушы» аталымында бас жүлде Дубек Ондирканға, ал қалған жүлделі орындар Иван Нога мен Гүлжайна Ерғалиға бұйырды.

Дәл осы аталымның 29 бен 45 жас аралығындағы аталымында бірінші орын Асыл Қоқановаға, екінші, үшінші орындар Жанар Әділбекова мен Аманжол Закирьинге берілді.

6 мен 14 жас аралығындағы «Үздік шебер» аталымында Елшат Жаңабергенов, Елизавета Данилова, Медет Серікбаевтар жеңімпаз атанды.

Дәл осы аталымда 14 пен 29 жас аралығында өткен сайыста Алтыншаш Мұқатаева жеңімпаз атанса, қалған жүлделі орындар Дариға Қыйнабаева мен Руслан Ямалетдиновке бұйырды.

29 бен 45 жас аралығындағы байқауда Айгүл Шегетаева бас жүлдені иеленсе, қалған жүлделі орындар Олеся Пойгина мен Әлия Жұбатқановаға берілді.

Айта кетерлігі, 13 маусым күні сағат 15.00-де «Жастар» сарайында «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты қалалық байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтеді.

Соңғы жаңалықтар