Астанада мүгедектер күніне орай бірқатар іс-шаралар өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде елімізде мүгедектер күні аталып өтеді. Астанада бұл күндері елордада тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бірқатар шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлады astana.gov.kz.

Астанада мүгедектер күніне орай бірқатар іс-шаралар өтеді

Атап айтқанда, 9 қазанда Жұмыспен қамту орталығында мүгедектерге арналған бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, іс-шара аясында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар оларға жұмысқа орналасуға көмектеседі. Сондай-ақ, Астана қаласының «Мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жастар» сарайы алдындағы алаңда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған костюмді «күзгі бал» өтеді. Осы күні №7 қалалық емханада Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жақсылық пен үміттің түсі» атты шығармашылық сурет салу іс-шарасы өткізіледі.

Сондай-ақ, 10 қазанда елорда емханаларында Ашық есік күндері ұйымдастырылады. Астана қаласының «Мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен 12 қазанда мүгедек балалар «Хан шатыр» СОО аттракционына баруға мүмкіндік алады.

13 қазанда №65 инклюзивті жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында «Әлем балалардың көзімен» атты балалар шығармашылығының көрмесі, орта және жоғары буын оқушылар үшін спартакиада өтеді. Түзету және инклюзивті сынып оқушылары үшін ойын-сауық, концерттік бағдарламалар ұсынылады.

16 қазанда №7 мектеп-гимназиясында «Спортландияға саяхат» атты спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ҚСҚҚБ және «Қайсар» спорт клубымен бірге ұйымдастырған шахматтан ашық жарыс өтеді.

Айта кетейік, елордада 15 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жанға жергілікті бюджеттен 5 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек төленеді.