Астанада мүгедектердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету тақырыбы қозғалды
АНА. 25 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Данияның Адам құқықтары жөніндегі институты ұйымдастыруымен «Мүгедектердің қазіргі қоғамға ықпалдасуы: тең құқықтар - тең мүмкіндіктер» деген тақырыпта семинар өтті.
Семинарға Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы, Данияның Адам құқықтары жөніндегі институты, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйым өкілдері, мүгедектер мен отандық сарапшылар қатысты. Олар мүгедектердің құқықтарын қорғау, олардың қоғам өміріне еркін араласып, ықпалдасуы және мемлекеттік заңдарын халықаралық конвенциялармен имплементациялау төңірегінде талқылау жүргізді.
«Бүгінгі таңда әлемдегі адамдардың 10 пайызына жуығы, шамамен 650 миллионға тарта адам мүмкіндігі шектеулі адамдардың санатында саналады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда 488 мың мүгедек бар. Бұл статистика мүгедектердің қоғам өміріне оңай сіңісуіне нақты қандай шаралар жасау керек деген сұрақтарға жауап іздеуге міндеттейді», дейді Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы жетекшісінің орынбасары Жаннет Клетцер.
Оның айтуынша, ол үшін Қазақстанда мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйым өкілдерінің, мүгедектердің, жұмыспен қамту және мүгедектерді кәсіби түрде машықтау орталықтарының өзара тиімді қарым-қатынасын ширықтыра түсу керек.
«Әсіресе аталған контекстте адам құқытарын сақтау міндеттерін барынша тиімді орындау үшін әкімшілік жүйенің ішінде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың ілгері жұмыс жасауы аса маңызды», деп атап көрсетті ол.
Жиын соңында қатысушылар мүгедектердің тең құқықтарын сақтау және оларға арналған инфрақұрылым жайында ұсыныстар дайындап, мемлекеттік құзырлы органдарға бағыттады.