Астанада мүмкіндігі шектеулі 250 балаға әлеуметтік қолдау көрсетілді

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін «Жастар» сарайында «Мектепке жол» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі 250 балаға рюкзактар, мектеп жабдықтары мен киім-кешек таратылды, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.

Астанада мүмкіндігі шектеулі 250 балаға әлеуметтік қолдау көрсетілді

«Бүгінгі іс-шара 1 қыркүйекке орайластырылып отыр. Бұл заттар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Балаларға түрлі диагноздар қойылған, соның ішінде нашар еститіндер, көзі көрмейтіндер, сал ауруына, Даун синдромына шалдыққандар, үйде оқитындар және мектепке баратындары да бар. Олардың жасы 3 жастан жоғары», - деді astana.kz сайтына Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы төрағасының орынбасары Айгүл Болатова.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, мұндай акция Астанада жыл сайын өткізіледі.

Іс-шараның негізгі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау. Бүгін балаларға киім-кешек пен аяқ киім, кеңсе заттары түрінде әлеуметтік көмек көрсетілді.