Астанада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бірегей орталық ашылады
АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - 8 қыркүйекте Астанада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету қызметін көрсететін жаңа ақысыз орталық өз есігін ашады. Бұл туралы елорданың ресми сайты хабарлады.
Орталықты «Дара» қайырымдылық қоры Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Бұл жерде бүлдіршіндерге мемлекеттік квота негізінде бірқатар мамандардың кешендік көмегін жасалады: логопед, дефектолог, психолог, хореограф, емдік дене шынықтыру маманы және басқа да қызметтер.
«Ерекше қажеттіліктері бар әр бала 3 айдан бір жылға дейінгі арнайы жаттығулар курстарына қатыса алады. Ресми деректерге сәйкес, 2 мыңға жуық мүгедек бала тұратын Астана қаласы үшін осындай орталықтың ашылуы өте маңызды»,- дейді ұйымдастырушылар.
Орталықтың ресми атауы - Астана қаласы әкімдігінің «№1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті», №68 мектеп аумағында орналасқан.
Әкімдік орталықты ғимаратпен және мамандардың жалақы қорымен қаматамасыз етті. 2005 жылдан бері мүгедек және жетім балаларға көмек көрсету саласында қызмет ететін «Дара» жеке қайырымдылық қоры серіктестердің көмегімен қажетті демеушілік көмек көрсетті.