11:01, 17 Қазан 2013 | GMT +5
Астанада мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында үстел ойындары фестивалі басталды
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - Астанада мүгедектер арасында үстел ойындары фестивалі басталды. Іс-шара Халықаралық мүгедектер күніне орайластырылған. Бұл туралы astana.kz сайтына елордалық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады.

Сәрсенбі күні «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме» ММ дойбыдан жарыс өтті. Оған қаланың үш ауданынан 64 адам қатысты, соның ішінде 30 спортшы: 16 ер және 14 әйел.
Ведомствоның хабарлауынша, фестиваль тоғызқұмалақ және шахмат жарыстарымен жалғасады. Спорттық дода 18 қазанда аяқталады.
Еске сала кетейік, жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде елімізде Мүгедектер күні атап өтіледі. Астана қаласында мереке аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқтаждықтарына назар аудару дәстүрі қалыптасқан.