Астанада мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шығармашылық фестивалі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 15-16 наурызда елордада мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ашық қалалық фестиваль өтеді. «Шексіз шығармашылық» байқауында 18 жастан асқандардың барлығы сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Фестивальге қатысуға өтінімдер жеке орындаушылардан, ансамбльдер мен ұжымдардан қабылданады.
Биыл «Шексіз шығармашылық» фестивалі төрт номинация бойынша өтеді. Атап айтқанда, «Хореография» (халық, классикалық, қазіргі заманғы, эстрадалық, балдық билер), «Эстрадалық вокал» (соло, дуэттер, трио, ансамбльдер), «Ыммен ән айту», «Көркем сөз». Әр номинация бойынша үш жеңімпаз анықталады.
Байқау екі кезеңмен өтеді - 15 наурызда қатысушылар тіркеледі, жарысады, ал 16 наурызда Гала-концерт пен жеңімпаздарды марапаттау салтанаты ұйымдастырылады.
Фестиваль мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, талантын дамыту және шығармашылық қызметке тарту арқылы оларды оңалту, сондай-ақ қоғам назарын мүгедектігі бар азаматтарға толыққанды өмір сүруге жағдай жасау қажеттілігіне аудару мақсатында ұйымдастырылады.
Өтінімдер «Жастар» сарайының ұйымдастыру-шығармашылық бөлімінде қабылданады (мекен жайы: Республика даңғ. 34, 201 каб.) Немесе 326781org@mail.ru электронды мекен жайына жолдауға болады. Анықтама телефоны: 32-67-81. Үміткерлер 10 наурызға дейін өтінім бере алады.