Астанада мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа квота бойынша орналаса алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық жұмыс берушілер штаттағы қызметкерлердің санына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмыс орындарына квота бөлетін болды.
Мәселен, 50-ден 100 адамға дейін - 2%; 100-ден 250 адамға дейін - 3%; 251-ден жоғары - 4%.
Сонымен қатар, жұмыс орындарына квота пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға, кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын тұлғаларды 1% көлемінде жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілейді.
Осыған байланысты Астана қаласының жұмыс берушілері тоқсан сайын жұмыс орындарының саны мен квотаны орындау туралы мәліметтерді Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметтерді қабылдау порталына (www.cz.e-akimat.kz) есеп беру ақпаратын өткізуі тиіс.
Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспановтың айтуынша, бекітілген квоталар әлеуметтік осал топтарға жататын жандарға еңбек нарығында өз орнын табуға мүмкіндік беретін болады.
Еске салайық, 2016 жылы жұмыс таба алмай жүрген 599 мүмкіндігі шектеулі тұлға әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды. Соның ішінде 238 адам еңбекке орналастырылды, төленетін қоғамдық жұмысқа 355 адам қатысты және даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру оқуларынан 6 адам өтті.