Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 қазанда сағат 10.00-13.00 аралығында Бейбітшілік көшесі, 25 мекенжайы бойынша Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі.
Бұл туралы елорданың ресми сайтынан хабарлады. Шараның мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмысқа орналасуға көмектесу болып табылады.
Аталмыш шараға елорданың 20-ға жуық жұмыс беруші мекемелері қатысып, күзетші, есепші, полиграфия мамандары және т.б. жұмыс орындарын ұсынады.
Сондай-ақ, бос орындар жәрмеңкесінде «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» әлеуметтік бағдарламасы және басқа да салалық мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер беріледі.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Астанада 15 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар тұрып жатыр.