Астанада Мұсылман ақсақалдар кеңесінің өкілдігі ашылды

мұсылман ақсақалдар кеңесі
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Астанада Мұсылман ақсақалдар кеңесі өкілдігінің ашылу рәсіміне қатысты. Кazinform бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған іс-шара бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының ХХІ отырысы аясында өтті.

Салтанатты рәсімде Мәулен Әшімбаев ұйымның Орталық Азиядағы өкілдігін ашу туралы ұсынысты Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде Әл-Азһардың жоғарғы имамы, шейх Ахмед әт-Тайеб жасағанын айтты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаға қолдау білдірді.

«Мұсылман ақсақалдар кеңесі барлық діндердің ынтымағын нығайтуды көздейді. Осындай беделді ұйымның аймақтағы өкілдігінің Қазақстанда ашылуы біз үшін үлкен мәртебе. Кеңес дәріптейтін толеранттылық, бейбіт қатар өмір сүру, өзара қамқор болу сияқты құндылықтар Қазақстан үшін де маңызды басымдыққа ие. Алдағы уақытта съезд Хатшылығы конфессияаралық және өркениетаралық диалогты халықаралық деңгейде дамыту бағытында кеңеспен бірге белсенді жұмыс істейді», – деген Мәулен Әшімбаев жаңадан ашылған өкілдіктің жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Мұсылман ақсақалдар кеңесі – бейбітшілік пен жаһандық дінаралық диалогты нығайту мақсатымен құрылған тәуелсіз халықаралық ұйым. Кеңестің филиалдары бұған дейін Швейцария, Мысыр және Марокко елдерінде ашылған.

Сонымен қатар бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаев «Somaiya Vidyavihar» университетінің Канцлері, индуизм делегациясының басшысы Самир Шантилал Сомайямен екіжақты кездесу өткізді.

Соңғы жаңалықтар