Астанада мұз сарайы құрылысында Косовоның үш азаматы қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 20 метр биіктіктен құлаған үш монтаждаушы жұмысшы қайтыс болып, тағы үш адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады бүгін елордалық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.

Астанада мұз сарайы құрылысында Косовоның үш азаматы қаза тапты

«Бүгін 13 шілдеде, сағат 11:04-те Есіл ауданында салынып жатқан «Астана қаласы көпбейінді мұз сарайы» құрылысында жұмыс жүргізу барысында «Mabco Construction S.A.» фирмасының астаналық филиалының 6 монтаждаушысы (болжаммен Косово Республикасының азаматтары) 20 метр биіктіктен құлап кетті», - делінген хабарламада.

ТЖД ақпаратында олардың есімі аталған. Үш адам ауыр жарақат салдарынан қаза тапты: Блерин Кадриу (1981 ж.т.), Беким Дурмиш (кім екені анықталуда), азиялық бет-пішінді 40-45 жастағы ер адам (кім екені анықталуда).

Астана қаласы №2 ауруханаға жарақатпен жатқызылғандар: Авжи Максути (1979 ж.т.), Биколи Исуф (1956 ж.т.), 35-40 жастағы ер адам (кім екені анықталуда).