Астанада «Мұзды кезең» мультфильмінің қайырымдылық көрсетілімі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 18 наурыз күні сағат 11:00-де «Қазмедиа» орталығының киноконцерт залында «Қазақстан» РТРК» АҚ ұйымдастыруымен «Дисней» компаниясының «Мұзды кезең» (frozen heart) мультфильмінің қайырымдылық көрсетілімі өтеді, деп хабарлайды акционерлік қоғамның баспасөз қызметі.
None
None

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылатын шараның басты мақсаты - әлемдік танымал туындыны қазақ тілінде ұсыну. Аталмыш мультфильм 2016 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның дубляж студиясында аударылып, дыбысталған.

Шараға 6-11 жас аралығындағы көрермендер шақырылады. Олар Астана қаласындағы көпбалалы отбасылардың балалары, сондай-ақ, балалар үйі мен интернат үйлерінің тәрбиеленушілері. Көрермендер саны шашамен 900 адамды құрайды.

«Қазақстан» РТРК» АҚ «Дисней» компаниясымен 2012 жылдан бастап бірлесе жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан» телеарнасының дубляж бөлімімен 100-ден астам отбасылық көркем фильм, балалар фильмдерінің 138 бөлімі, мультсериалдардың 828 бөлімі және 16 толықметражды мультфильм аударылып, дыбысталды.

Қазіргі уақытта «Дисней» компаниясы - голливудтық ең ірі студиялардың бірі. Құрамына 11 ойын-сауықтық парк, екі аквапарк, сондай-ақ, америкалық телерадиохабар тарату компаниясы кіретін (Эй-Би-Си) бірнеше хабар тарату желісі бар.

Соңғы жаңалықтар