Астанада «Мың бала» жобасы мәресіне жетті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының салтанатты түрде қорытындылау шарасы болып өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткен шара ағымдағы жылдың ақпан айында басталып, республиканың барлық өңірлерін қамтыған болатын.
«Мың бала» - түрлі этникалық топтардың мектеп жасына дейінгі балаларға және мектеп оқушыларына қазақ тілі мен мәдени ортасына бой үйретіп, мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңіру мүмкіндіктерін көздеген еді. Оның аясында тілдерді жеделдете оқытудың «Тілдарын» әдістемесі бойынша «Сиқырлы қалам» инновациялық әдістемелік кешенінің және басқа да озық тіл үйрету құралдарының көмегімен түрлі этностық топтардың балаларына мемлекеттік тілді үйрету қарастырылған болатын. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, «Мың бала» жобасының бағдарламасы «мәдени-тілдік бой үйрету» халықаралық тәжірибесінің нәтижелерін ескере отырып құрылғандықтан, барлық қатысушылардың мәдени және тілдік ортаға толығымен ұйысуына мүмкіндік берілді. Республика көлемінде барлық дерлік өңірлерде мемлекеттік тілде түрлі конкурстар мен сайыстар жүзеге асқан. Атап айтқанда, жоба аясында Астана және Алматы қалалары, облыс әкімдіктерімен ұйымдастырылған шаралар бойынша 235 мың 71 бала қатысқан. Қазақ тіліне үйретудің авторлық курстары бойынша 7 мың 863 іс шара жүзеге асты. Тұтастай алғанда, «Мың бала» жобасы аясында 44 мың 497 бала мемлекеттік тілді еркін әрі сапалы меңгеруге қол жеткізіп отыр. Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған «Мың бала» жобасын салтанатты қорытындылау шарасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді және этностар тілдерін дамыту саласындағы инновациялық жаңалықтарының көрмесі, «Әлем қадірлеген Елбасы» шет мемлекеттердің жоғары наградаларының көрмесі, «Қазақстанда президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы» интерактивтік көрмесі де өткізілуде. Тұтастай алғанда, жобаның нәтижесінде «Мың бала - татулық тірегі!» атты деректі фильм түсірілмек. Бұдан бөлек, жыл сайын мемлекеттік тілді еркін меңгеріп шыққан өзге ұлт өкілдерінен тұратын мың мектеп оқушысы - қазақ тілінде еркін сөйлейтіндердің және мемлекеттік тілді үйретуді насихаттайтын еріктілердің қатарында болады. Айта кетейік, «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын қорытындылау жиыны барысында «Шешендік өнер», «Кемеңгер», «Ынтымағы жарасқан туған өлкем» бағыттары бойынша конкурстардың жеңімпаздары да марапатталды.