Астанада Н. Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Ұстаз аманаты» атты музыкалық кеш өтті
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат – Кеше елордадағы Президенттік мәдениет орталығының концерт залында КСРО халық әртісі, «Халық қаһарманы», композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Ұстаз аманаты» атты музыкалық кеш өтті,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа аталмыш орталықтың баспасөз хатшысы Гүлжаһан Асанкелдіқызы. Кешті белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков ашып, Нұрғиса Тілендиевті ұлы композитор, ұлы дирижер, ғажап импровизатор, Халық қаһарманы дей келе, «Музыка өнеріндегі құбылыс. Аты ? Нұрғиса, заты ? өнер, атасы ? күй, анасы ? ән», - деп бағалады.
Халқымыздың музыкалық мұрасын өзіндік өрнегімен байытып, қазақ даласын ғажайып туындыларымен дүбірлеткен жиырмасыншы ғасырдың дәулескер күйшісі, дарынды дирижер Нұрғиса Тілендиевтің «Атадан мұра», «Арман», «Ақсақ құлан», «Қабан жырау», «Сарыбай би», «Сарын», «Ақ бөкен», «Қоянкөз ана», «Ақ шағала», «Күндер-ай», «Келе жатыр құс қайтып», «Сарыжайлау», «Көктем кеші» атты музыкалық шығармалары бірде Астана филармониясының халық аспаптар оркестрінің орындауында шалқыса, бірде жеке орындауда, әсіресе ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжановтың көкке өрлеген үнімен жиылған өнерсүйер қауымның зор ықыласына бөленді. Нұрғиса Тілендиевтің рухына арнап жазылған Алтынбек Қоразбаев пен Исраил Сапарбайдың «Қараша қаз, қайдасың?» атты әні орындалғанда, тыңдарман бір сәтке саз әлемінің падишасымен тілдескендей күй кешсе, Әлқуат Қазақбаевтың «Нұрғиса ? аңыз құс» шығармасы Қорқыттың заманынан жеткен қобыз үнінің ғасырлар бойы ұрпақтар арасын жалғайтын алтын көпір екендігінің және бір дәлелі болды.
Сондай-ақ осы кеште ұстазының жолын қуған шәкірттерінің бірі, аталмыш кешті ұйымдастырушы, «Қазақконцерт» өнер бірлестігі «Әлқисса» ұлт аспаптар ансамблінің жетекшісі және дирижері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Самат Мәлімбайдың «Туған жерге» атты жаңа әнінің тұсауы кесілді. Осы кеште араға 40 жыл салып, тоталитарлық заманда Кеңес үкіметі орындауға тыйым салған Нұрғиса Атабайұлының «Жас тұлпар» атты шығармасы өзінің тыңдарманымен қайта қауышты. Н. Тілендиев бұл әнді Мәскеу мен Ленинградта оқыған қазақ жастарының халқымыздың тілін, дәстүрін сақтауға, қазақ жастарын мектеп бітірісімен жоғары оқу орындарына екі жыл ауылшаруашылық жұмыстарында еңбек етпесе, қабылдатпау саясатына қарсы күрескен «Жас тұлпар» ұйымына арнап шығарған. Өлеңін Әнуарбек Дүйсенбиев жазса, оркестр мен хорға Самат Мәлімбай өңдеп түсірген.Халқымыздың музыкалық мұрасын өзіндік өрнегімен байытып, қазақ даласын ғажайып туындыларымен дүбірлеткен жиырмасыншы ғасырдың дәулескер күйшісі, дарынды дирижердің өнерін жалғастырушы ізбасары ұстазының қалдырған аманатын орындап, 6 күй мен 2 томдық партитуралар жинағын Астана қаласы мемлекеттік филармониясының көмекші дирижері Нұрлан Бекеновқа тапсырды. Кештің соңында дүбірлі даланың рухын сырлы да, дархан сазымен әлдилеген дарабоз дирижердің «Құстар әнін» жиналған жұрт тік тұрып бірге шырқады.