Астанада нағыз қазақы шапандардың үлгісін таныстыруға арналған көрме ашылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде шығармашыл жастардың ХV Республикалық «Жігер» фестивалі сыйлығының иегері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айжан Әбдубаиттің «Ғасырлардың алтын өрнегі» атты жеке көрмесі ашылды.
Атап айтқанда, шебер бүгінде бірегей шығармашылығымен танылып отыр. Ол тарих қойнауында қалған ғасырлардың киімдері мен тұрмыстық заттарын қалпына келтіреді және қайта жаңғыртумен табысты айналысып жүр. Көне «зерлеу» техникасымен той және ұлттық киімдерді тігеді. Автордың сөзіне қарағанда, кестелеп тоқудың тамыры тереңде жатыр. Қазақ халқы бұл көркем әдіспен салтанатты киімдерді, бас киімдерді, тұрмыстық заттарды әшекейлеген.
ҚР Суретшілер одағының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Қалиолла Ахметжанның айтуынша, алтынмен зерлеп кестелеу өнері елімізде жоғала бастады.
«Бұл өнер тек музейлерде көретін туындыларға айналып кетті. Айжан Тойшыбекқызы осы өнерді қалпына келтіріп, биік дәрежеге көтеруге елеулі еңбек сіңірді. Бұл өнерді элиталық өнер деп айтсақ, артық болмайды. Ол бұл өнерді музейлерде сақталған туындылар үлгілерінің негізінде оның техикасын зерттеп, қалпына келтіре алды», - деді Қ. Ахметжан.
Осы орайда ол көрмеде көпшілік назарына ұсынылған туындылардың барлығы өте жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті.
«Біздер осы күндері базарларда саудаланып жүрген қазақтың кестеленген шапандарын ретінде жалған кестеленген заттарды алудамыз және оларды ұлттық дүние деп қабылдаудамыз. Бүгінгі көрме біздің көзқарасымызды қайтадан қалпына келтіріп, шынайы өнеріміздің қандай болғанын түсінуге көмек болады деген ойдамын», - деді Қ. Ахметжан.
Қазақтың тұрмысы мен дәстүрлі киім-кешектерін этнографиялық және тарихи тұрғыда зерттеу А. Әбдубаитке тарихи артефактілердің біртұтас бөлігін қалпына келіруге мүмкіндік берді. Олардың қатарында, хан киімдерінің жинағы, Жәңгір ханның әскери киімі, Фатима ханшайымның бешпенті, сондай-ақ қазақ ақсүйектерінің күнделікті пайдаланатын заттары қайта жаңғыртылған.