Астанада Наурыз мерекесінде сауда ойын-сауық орталықтарында бауырсақ таратылып, Наурыз көже құйылады
22 наурызда «ASIA PARK» сауда ойын-сауық орталығына кіре берісте ұлттық ойындар ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өтеді. Сондай-ақ, келушілерге арналған мерекелік концерт те болады.
«Меgа Аstana» СОО Наурыз күндері киіз үй жабдықтарының көрмесі өтеді, көпшілікке бауырсақтар, палау, наурыз көже ұсынылады, қолөнершілер жәрмеңкесі және қайырымдылық көрме-жәрмеңке ұйымдастырылады. Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған театрландырылған қойылым көрсетіледі, алтыбақан орнатылады. Оркестр өз өнерін ортаға салады, аквагрим, балаларға арналған шеберлік сыныптары, қуыршақтар театры, ұлттық билерді үйрету, сондай-ақ, концерттік бағдарлама қойылады. Ал сауда ойын-сауық орталығын жалға алушылар мерекелік жеңілдіктер жасамақ.
«Керуен» СОО басты кіреберісінде Нұржол желегі жағынан киіз үйлер қойылады, ал үшінші қабатта қазақ қолөнершілерінің ұлттық көрме-жәрмеңкесі өтеді, онда ұлттық киімдер, аспаптар, әшекейлер мен кәдесыйлар сатылады.
«Хан-Шатыр» СОО 1-қабаттағы атриумда киіз үйлер орнатылады. Сондай-ақ ұлттық аспаптар оркестрі өз өнерін ортаға салып, ұлттық билер фестивалі өтеді. Сонымен қатар, келушілер бауырсақ пен Наурыз көжеден дәм татады.
«Сарыарқа» СОО концерттік бағдарлама, қойылымдар және балалар мен ересектер арасында байқаулар ұйымдастырылады, мерекелік акциялар өткізіліп, жеңілдіктер жасалады, келушілерге тәтті-дәмділер таратылады.