Астанада Наурыз мейрамы атап өтілетін демалыс күндері қоғамдық тәртіпті 2 мыңнан астам полицей қадағалайды

АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қалалық Ішкі істер департаментінің жеке құрамы Наурыз мейрамы атап өтілетін демалыс күндері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ІІД-нің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті,

Астанада Наурыз мейрамы  атап өтілетін демалыс күндері қоғамдық тәртіпті 2 мыңнан астам полицей қадағалайды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Н.Ораздың айтуынша, алдағы мерекелік демалыс күндері көшедегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2 мыңнан астам тәртіп сақшысы мен 165 көлік жұмылдырылатын болады.

«Ал наурыздың 16-18 күндері аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Шараның басты мақсаты - наурыз мейрамы қарсаңында қоғамдық орындар мен көшелердегі, сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын жерлерде қылмыстың алдын алу және ескерту. Түнгі уақытта криминалдық полиция қызметкерлері жеке жоспар бойынша жұмыстар жүргізеді», - деп атап өтті ол.

Оның сөзіне қарағанда, іс-шара шеңберінде бұрын жасалған қылмыстардың бетін ашуға, іздеу жарияланған қылмыскелерді іздеп-табуға, суық қарулары бар азаматтарды мекен-жай бойынша тексеріп, заңсыз сақталып келген қарулар мен жарылғыш заттарды тәркілеуге, сондай-ақ қаңғыбастық пен қайыршылыққа салынғандарға ерекше назар аударылатын болады.

Сонымен қатар, елордалық полицейлер мерекелік шаралар өтетін алаңдарға жақын орналасқан көпқабатты үйлер мен құрылыстарды аралап, мекен-жайы жоқ азаматтарды анықтау мақсатында жерасты кәріздерін тексермек.

Биыл Наурыз тойын көпшілікпен атап өту орны ретінде «Хан шатыр» ойын-сауық орталығына қарама-қарсы саябақ белгіленіп отырғандықтан, бұл аумақ полицейлердің ерекше назарына алынады.