Астанада Наурыз мейрамын тойлау аясында 300-ден астам мерекелік шара ұйымдастыру көзделген
"Бұл шараларды мазмұны жағынан үш топқа бөлуге болады. Біріншісі - рухани-идеологиялық шаралар. Бұл блоктың шаралары әдетте 21-22 наурызда болатын басты мерекелерге дейін өтеді. Атап айтқанда бұл қаламыздағы барлық мекемелерде, ұйымдарда және оқу орындарында наурыздың құндылықтарын дәріптейтін үлкенді-кішілі шаралар. Екіншісі - әлеуметтік маңызды шаралар. Биылғы бағдарламада 16 әлеуметтік жоба бар. Оның ішінде жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге материалдық көмектен бөлек, қарттар үйінде, мүгедектер емханасында мерекелік дастархан басында түрлі қойылымдар көрсету, сонымен бірге циркте, қаламыздағы барлық кинотеатрларда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға тегін көрсетілімдер көру сияқты бастамалар бар. Үшіншісі - мәдени-шығармашылық шаралар. Олар барлық мерекелік демалыс күндері қаламыздағы ашық және жабық алаңдарда өтетін болады", - деп атап өтті Б. Тілепов.
Оның айтуынша, бұл күндері қала халқына да сауда орталықтарында, ойын-сауық орындарында 10%-дық жеңілдіктермен қатар, мерекелік бағдарламалар да көрсетіледі.