Астанада Нighvill Kazakhstan құрылыс компаниясына 680 мың теңге айыппұл салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нighvill Kazakhstan» құрылыс компаниясына қала аумағын құрылыс қалдықтарымен ластағаны, қоқыс тастағаны, жұмыс өндірісін бақыламағаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Астана қалалық ІІД жергілікті полиция қызметіне сілтеме жасап.
Ауданның табиғатты қорғау полициясы Тұран мен Ұлы дала даңғылдарының қиылысында тыйым салынған орынға құрылыс қалдықтарын төгіп жатқан «САМС» маркалы автомашинаның жүргізушісін ұстаған. Жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы, 2-тармағы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, 68 070 теңге сомасында айыппұл салынды.
Қоқыстың «Хайвил парк» ТК құрылыс нысанының аумағынан шығарылғаны белгілі болды, сондай-ақ құрылыс қалдықтарын шығару бойынша қызмет көрсететін мердігер ұйым анықталды. «Нighvill Kazakhstan» ЖШС құрылыс компаниясына қала аумағын құрылыс қалдықтарымен ластағаны, қоқыс жасағаны, жұмыс өндірісін бақыламағаны үшін 680 700 теңге (300 АЕК), ал «Шакеева Т.О.» ЖК мердігер ұйымына 68 070 теңге айыппұл салынды.
Жалпы, жылдың басынан бері қоқысты, қарды және қалдық суды тыйым салынған жерге төккені үшін 141 жүргізушіге жалпы сомасы 3 млн теңге болатын айыппұл салынған.