Астанада «Нұрбесік» тұрғын үй кешені бой көтермек
АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат/ Ризабек Нүсіпбек/ - Астана қаласы республиканың елордасына айналғаннан бері гүлденіп дамып келеді. Астанаға соңғы жылдары жас интеллигенция өкілдері мен өнер, ғылым, білім, мәдениет саласының майталмандары да келе бастады. Сондықтан, "АСАР" ҚБ «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша олардың баспана мәселесіне ықпал ету мақсатында тұрғын үй кешені жобасын қолға алуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елімізде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған «Нұрлы көш» бағдарламасы 2010-2012 жылдары жүзеге асырылу жоспарланып, мемлекеттік және жергілікті бюджеттен бұл бағдарламаға 197 миллиард теңге қарастырылып отырғаны мәлім. Жоғарыдағы бастама Алматы қаласында жүзеге асырылып, қазіргі таңда республиканың басқа облыс, қалаларында жалғасын табуда. Астана қаласы әкімінің қолдауымен басталған " Нұрбесік " тұрғын үй кешені Есіл өзенінің оң жағалауында, Көктал кентінде бой көтермек. Жер телімінің жалпы алаңы 27 гектар. Жалпы құрылыс көлемінің алаңы 107 мың 200 шаршы метр.
Мұнда жеке, секциялық тұрғын үйлер, сауда, мәдени, ойын-сауық орталықтары, 16 қабатты қонақүй, мешіт, балабақша, 5-12 қабатты заманауи тұрғын үйлер бой көтеретін болады.