Астанада Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» фестивалі өтеді

16-35 жас аралығындағы талантты өнерпаздар қатысатын байқау классикалық вокал (ерлер және әйелдер), домбыра және дирижерлер аталымдары бойынша 2 айналыммен өтеді. Байқауға музыка әлеміндегі танымал мамандар мен көрнекті мәдениет қайраткерлерінен құралған білікті қазылар алқасы төрелік етеді. Фестиваль 30 наурызда Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» сарайында және Конгресс-холл концерт залдарында басталады. Екінші айналым 31 наурыз күні болады. Музыкалық байқаудың қатысушылары бас жүлде - Астана қаласы әкімінің кубогын сарапқа салады. Сондай-ақ «Гран-при» және «Фестиваль лауреаты» жүлделері беріледі, одан басқа бірінші, екінші және үшінші орындар, сондай-ақ атаулы медальдар табыс етіледі. Шара 1 сәуір күні Конгресс-холлда музыкалық фестивальдің қазылар алқасының мүшелерінің және лауреаттарының қатысуымен болатын гала-концертпен аяқталады.