Астанада «Нұрлы жол - жеңіс жолы» мерекелік шарасы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының «Қазақ Елі» алаңына мыңдаған қала тұрғыны жиналып, Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтынан хабарлады.

Астанада «Нұрлы жол - жеңіс жолы» мерекелік шарасы өтті

1 мамыр барша қазақстандық үшін бірлік пен ынтымақтастықтың мерекесі. Осы атаулы күнде елордада негізгі мерекелік шара «Қазақ Елі» монументі алаңында ұйымдастырылды. «Нұрлы жол - жеңіс жолы» атты концерттік бағдарлама жиналған жұртшылықтың көңілін серпілтті. Аталмыш шараға елордалық және аймақтардан келген этномәдени бірлестіктер қатысуда.

- Бұл күні барлық астаналықтарға денсаулық, береке-бірлік тілегім келеді. Аспанымыз әрдайым ашық болсын, - деді славян этномәдени орталығы «Соседушки» ансамблінің өкілі Оксана Ткачева.

Қазақстанда 150 жуық ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Көктемнің осы шуақты күнінде олар бір-біріне деген ақжарма тілектерін аямады.

- Қазақстан халқы бірлігі күнімен барша отандастарымызды құттықтаймын. Бұл ең үлкен мереке деп білемін, - деп бөлісті ойымен «Злата» болгар этномәдени бірлестігінің өкілі Елена Яцук.

Барлық ұлт пен ұлысты бір үлкен қара шаңырақтың астына жинаған Қазақстан халқының бірлігі күні еліміздің барлық өңірлерінде аталып өтуде.