Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жеңімпаздар форумы басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жеңімпаздар форумы басталды.
Атап айтқанда, форум барысында сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтіп жатыр. Велотрекке жиналған 8 мың адам кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаевқа қошемет көрсетуде. Олардың арасында белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, танымал спортшылар, зиялы қауым өкілдері бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі шара «Жеңімпаздар форумы» деп аталуына кешегі сайлауда бір ғана адам немесе оның командасы емес, сонымен қатар барша қазақстандықтардың жеңіске жетуі себеп болды. «Кешегі атаулы күнде барша Қазақстан халқы жарқын болашақ жолын таңдады», - дейді форумға қатысушылар.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов алдын ала мәліметтер бойынша ҚР Президенттік сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 97,7 пайыз дауыс жинағанын мәлім етті. «Облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссияларынан алынған деректер негізінде біз сіздерді ҚР Президентінің сайлауына сайлаушылардың келуінің қорытынды нәтижелерімен таныстыруға мүмкіндігіміз бар. Бұл көрсеткіш 95,22 пайызды құрады. 26 сәуір күнгі мәліметтермен салыстырғанда, Астана қаласына қарасты шетелдік учаскелер есебінен көбейді», - деді Қ.Тұрғанқұлов.